"Дұрыс": Вице-министр Елтаңба тауып алған блогерга қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Жетісу облысында қоқыстан табылған мемлекеттік рәмізді үйіне іліп қойған блогер Данияр Бейісқалиге салынған айыппұл заңға толық сай келеді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Сенат кулуарында журналистердің сауалына жауап берген шенді полиция қызметкерлерінің бұл іс-әрекетін толық қолдады.
«Бұл мемлекеттік рәміз, Конституцияға сәйкес біз мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндеттіміз, сәйкесінше құқықтық баға берілді, мүлдем құқықтық, дұрыс баға берілді», – деді ол.
Дегенмен вице-министр Елтаңбаның қоқысқа қалай түсіп қалғаны және бұл жағдайға кім жауап беруі керек екені туралы жақ ашпады.
Еске салайық, Жетісу облысының тұрғыны әрі блогер Данияр Бейісқали осыдан 4 жыл бұрын қоқыс полигонынан Қазақстанның Елтаңбасын тауып алған болатын. Ол оны жуып-тазалап, құрмет көрсету мақсатында өз үйіне іліп қойған. Желіде осы жағдай туралы видео жарияланған сәтте аудан әкімдігі мұны байқап, бірден полицияға шағым түсірген. Нәтижесінде тәртіп сақшылары мемлекеттік рәмізді мақсатсыз пайдаланды деген уәжбен блогерге 216 мың теңге айыппұл салды.
Бұдан бөлек вице-министр Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты мен Шымкентте қызды өлтірді деген күдікті Шерхан Аймаханға қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісті.
Соңғы жаңалықтар