Алматыдағы үш адам қаза тапқан апат бойынша тергеу аяқталуға жақын
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолданады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы сенат кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді. Оның сөзінше қазір тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.
«Қылмыстық істі тергеу бойынша барлық сараптама қорытындысын алдық, қажетті тергеу амалдары аяқталып қалғандықтан алдағы екі аптада істің нүктесі қойылатынын жариялауды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Еске салайық 21 наурызда қаладағы Әл-Фараби даңғылында Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кетіп Mercedes жеңіл көлігіне бетпе-бет соғылған болатын. Апат салдарынан Mercedes ішіндегі 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі қыз оқиға орнында көз жұмды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше көлік тізгінінде тасымалмен айналысатын бірнеше компанияның құрылтайшысы 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак болған және сараптама оның жеңіл дәрежедегі мас күйде болғанын растады.
Жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалып жүргізуші алдымен ауруханада айдауылмен жатты, ал 7 сәуірде жағдайы тұрақталған соң тергеу изоляторына ауыстырылды. Сонымен қатар полицияның әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша бөлек істер қозғалып бірнеше жоғары лауазымды шенді қызметінен қуылды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша кәсіпкердің отбасы Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдаспековті ертіп барып марқұмның жақындарына ақша ұсынған. Ал осы жағдайдың ортасында апат жайлы деректерді айтып жүрген белгілі заңгер Әділетхан Молдахан басқа заңгерлермен біріккеннен кейін қамауға алынды.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды қайғылы оқиғадан кейін марқұмдардың отбасына көңіл айтып полицияға жол ережесін қатаң тексеруді тапсырды. Осыдан соң қалада 10 күн бойы жасырын жол полициясы жұмыс істеп жолдағы бақылау барынша күшейтілді.
Бұл жағдайға байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденов ешкім мәртебесі мен байланыстарына қарамастан жауапкершіліктен жалтара алмайтынын мәлімдеді. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол апаттарының азаймауына жолдың сапасы емес жүргізушілердің ереже сақтамауы тікелей себеп болып отырғанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар