«Екі бала іште қалып қойды»: Жетісудағы өрттен қаза тапқан үш бүлдіршін жер қойнына тапсырылды
Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылында орын алған жойқын өрттен қаза тапқан 8, 6 және 1 жастағы үш бала Талдықорған қаласының маңында жерленді, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайғы жамылған отбасы бұл ауылда бір жылдан бері жалдамалы үйде тұрып келген. Төрт бала тәрбиелеп отырған отбасында тек отағасы ғана еңбек етіпті. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, олар Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған, ал Ескелді ауданында уақытша баспана жалдаған.
Қайғылы күні 38 жастағы отағасы таңертең ерте Талдықорғандағы жұмысына кеткен. Өрт таңғы сағат 7-ден аса басталған. Қалың түтінге оранған үйден 34 жастағы анасы мен 14 жастағы үлкен ұлы ғана далаға қашып шығып, дереу көршілерден көмек сұраған. Араша түспек болған көршілердің бірі 6 жасар баланы терезеден алып шыққанымен, ол түтінге тұншығып, оқиға орнында көз жұмды.
«Көрші жігіт шыдай алмай есіктен кіреді, ол кезде үйдің қабырғалары жанып жатқан. Кіре сала, бес жасар баланы терезеден сыртқа лақтырып жібереді. Үйдің төбесі жанғанда ана жігіт қорыққан, терезеден секіріп түскен. Үйдің іші, бәрі жанып жатыр, пластик терезе жанып жатыр, екі бала іште қалып қалды», – дейді ауыл тұрғыны Салтанат Мухиева.
Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға Ескелді ауданының әкімдігі жан-жақты көмек көрсетті. Сондай-ақ билік өкілдері қара жамылған отбасыға осы ауылдан уақытша баспана тауып беретіндерін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар