Еліміздің Бас прокуроры тағайындалды
Мемлекет басшысының жарлығымен Берік Асылов Қазақстанның Бас Прокуроры лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Айта кетейік, Асылов қадағалау органын 2022 жылдан бері басқарып келеді.
Берік Асылов кім?
Ол 1964 жылы дүниеге келген.
1991 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған. 1992-2001 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы аса маңызды істер жөніндегі тергеуші және аға тергеуші, Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары болды.
Сондай-ақ Бас прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлімін басқарды.
2001-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында басшылық қызметтер атқарды. Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары және бірінші орынбасары болды.
2006 жылдан бастап Батыс өңірлік көлік прокуроры, Ақтөбе облысының прокуроры қызметтерін атқарды.
2010 жылғы 28 шілдеде ҚР Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды.
2011-2017 жылдары Алматы қаласының прокуроры, 2017-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры болды.
2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметінде болды.
Бұған дейін жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейін 6 органның басшысы тағайындалатынын хабарлаған едік. Олар: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Бас прокурор, Ұлттық банк басшысы, Жоғарғы сот төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Жоғары сот кеңесінің төрағасы.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар