Ескі көлік иелері үшін Алматыда жол жүру ақылы болмақ
Алматы әкімдігі экологиялық талаптарға сай емес көліктер үшін қаланың белгілі бір аймақтарына кіруді ақылы ету жоспарын қарастыруда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл шаралар 2025-2027 жылдары кезең-кезеңімен енгізілмек.
"Біз биыл жаздан бастап алғашқы шараларды жүзеге асырамыз. 1 шілдеден бастап бірқатар өзгерістер енгізіледі, ал 1 тамыздан бастап тұрақ бағасын едәуір көтереміз. Бұл үлкен қалалардағы тәжірибе негізінде экологиялық талаптарға сай емес көліктердің санын азайту үшін жасалып отыр", – деді Досаев.
Сонымен қатар, әкімдік "төмен шығарындылы аймақтар" құруды қарастыруда. Бұл аймақтарға кіру ақылы болады, бірақ жергілікті тұрғындар мен экологиялық таза көлік иелері үшін тегін болмақ.
"Алматыда экологиялық талаптарға сай емес көліктердің саны көп. Нью-Йорк осындай шараларды жылдар бойы енгізді. Біз де осы бағытты ұстанамыз. 2026 жылға дейін көлік инфрақұрылымын толық дайындап, 2027 жылдан бастап бірінші кезеңін іске қосамыз", – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Алматыда тіркелген, бірақ экологиялық стандарттарға сай емес көліктердің кейбір аймақтарға кіруі ақылы болады. Мысалы, Шығыс айналма жолы бағытында ақылы жүйе енгізілуі мүмкін.
Электромобильдер мен экологиялық талаптарға сай жаңа көліктер үшін бұл шектеу қолданылмайды.
Соңғы жаңалықтар




