Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта күтпеген өзгеріс
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша 24 тамызға белгіленген сот отырысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қалалық соттың мәліметінше, отырыстың ауыстырылуына техникалық себептер әсер еткен. Соттың жаңа өтетін күні мен уақыты әзірге белгісіз. Бұл ақпарат қосымша хабарланады.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінде болған. Ғимараттың қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционер құлап, бірнеше адам зардап шеккен.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасының фельдшері Ұлдана Мырзуан зардап шеккен азаматқа көмек көрсету кезінде ауыр жарақат алған. Ол үйінді астындағы адамды шығаруға әрекет жасап жатқанда, жоғарыдан кондиционер құлаған.
Ұлдана Мырзуан алған жарақаттарынан 18 қарашада көз жұмды.
Марқұм фельдшердің ерлігі ескеріліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Бұл іс бойынша сот процесі 18 тамызда басталған еді. Енді келесі отырыстың нақты күні сот тарапынан қосымша жарияланады.
Соңғы жаңалықтар