Қожамжаровтың інісіне болысқан судья қызметінен босатылуы мүмкін
Шымкентте бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың інісіне тиесілі компанияға заңсыз қолдау көрсеткен судья жұмыстан шығарылуы мүмкін. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының төрайымы Айжан Сатыбалдиева осындай жазаға ілікті. Ол Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында істеп жүргенде «High industrial Lubricant & Liquids Corporation» немесе қысқаша «HILL» ЖШС шағымын қараған. Бұл компания қарызын төлей алмайтынын айтып, өзін оңалту процедурасына іліктіруді сұраған. Заң бойынша мұндай жеңілдік алу үшін фирма шоттарды кемі 4 ай төлемеуі қажет. Оңалту кезінде мекеме белгілі бір төлемдер мен өсімпұлдардан босатылады.
Сот құжаттарында компанияның осы уақыт ішінде 32 млрд қарыз жинағаны көрсетілген. Судья Сатыбалдиева шағымды қанағаттандырып, фирманы оңалтуға жіберген. Алайда Шымкент қалалық соты бұл дауды қайта зерттеп, шешімді бұзды. Анықталғандай, компанияның жағдайы соншалықты нашар емес. Олардың 3,5 млрд сомасына келісімшарттары бар әрі ірі тапсырыстар алып отыр. Ал 4 айдан асқан қарыз көлемі 32 млрд емес, небәрі 450 млн екені белгілі болды.
Осыдан кейін Айжан Сатыбалдиеваның ісі сот жюриінде қаралды. Жоғары сот кеңесі оны қызметінен босатуды ұсынды. Айта кетерлігі, Жоғары сот кеңесін Дмитрий Малахов басқарады. Ол кезінде Қайрат Қожамжаров Антикор төрағасы болғанда оның орынбасары қызметін атқарған. Соған қарамастан Малахов бұрынғы басшысының інісіне көмектескен судьяны жақтап қалмады.
Еске сала кетейік, «HILL» ЖШС бұрынғы бас прокурор әрі Антикордың экс-басшысы Қайрат Қожамжаровтың туған інісі Дулат Қожамжаровқа тиесілі. Бұл оның бизнесіне қатысты алғашқы жеңіліс емес. 2025 жылдың соңында компания «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-мен соттасып ұтылған. Ал 2026 жылдың сәуір айында Халық банкінен жеңілді. Одан бөлек, бір ай бұрын Қайрат Қожамжаровтың туысына тиесілі ғимаратты сүру туралы сот шешімі шыққан.
Қайрат Қожамжаровтың өзі ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында басшылық қызметтер атқарған. Ол бұрынғы сенатор және экс-бас прокурор. 2025 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура Қожамжаровтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қылмыстық кірістерді заңдастырды деп күдікке ілінді.
Соңғы жаңалықтар