Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты тергеу аяқталды

07.08.2026 13:14 Әсел МҰРАТ
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты тергеу аяқталды
201
Фото: ашық дереккөз

Былтыр күзде Астанадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан зардап шеккен адамдарға шақыртуға барып, қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған фельдшер Ұлдана Мырзуанға қатысты істі сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл ақпаратты тілшімізге Астана қаласының Полиция департаменті растады.

«Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, - делінген полиция депаратментінің жауабында.

Ал Астана қалалық сотының баспасөз қызметі сот отырысының өтетін күні әлі белгіленбегенін хабарлады.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың 8 қарашасында Ұлдана Мырзуан шақырту кезінде ауыр жарақат алған еді. Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінен кірпіш қаптамасы құлаған сәтте 23 жастағы маман құлау қаупі жоғары аймақтан 2 адамды аман алып қалған. Алайда келесі тұрғынға көмектесуге ұмтылған кезде оның үстіне ауыр кондиционер құлап, жас фельдшер басынан зақым алды.

Дәрігерлер оның өмірі үшін 10 күн бойы күрескеніне қарамастан, ол 18 қараша күні ауруханада қайтыс болды. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі үшін өлімінен кейін мемлекеттік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий