Фельдшердің өлімінен кейін 20 млн теңге кімге берілді: Сотта мән-жай белгілі болды

20.08.2026 13:27 Әсел МҰРАТ
Фельдшердің өлімінен кейін 20 млн теңге кімге берілді: Сотта мән-жай белгілі болды
164
Фото: ашық дереккөз

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында Сотта Әділет Зейнел жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін әкімдік тарапынан отбасыға материалдық көмек көрсетілген. Сол кезде Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінде болған.

«Ұлдананы жерлеген күні бізді әкімдікке шақырды. Кездесуге Астана әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты қатысты. Сол жерде бізге 20 млн теңге қолма-қол берілді. Әкімдікке Ұлдананың сіңлісі екеуміз бардық. Жерлеу рәсіміне нақты қанша қаражат жұмсалғаны есімде жоқ», – деді ол.

Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен Ұлдананың анасы Сәлима Ешанқұлованың өтініші бойынша бас тартқанын түсіндірді. Оның сөзінше, ол кезде өзі басқа отбасы құрып, үйленген.

«Ұлдананың анасы БАҚ арқылы менің жәбірленуші мәртебемді алып тастауды сұрады. Мен оның өтінішіне келістім. Әкімдіктен алған 20 млн теңгенің есебінен үш күн ішінде көлігімнің несиесін жаптым. Әкімдікке барғанымызды Ұлдананың туыстары да білді. Банкке оның несиесі туралы бірден айтпадық. Ай сайын 210 мың теңге төлеп отырған екен. 9 млн теңге несиесін жаптық, 4,5 млн теңгені ата-анасына қайтардық. Қалған қаражат ұсақ-түйек шығындарға жұмсалды. Құран оқытып, қой сойдық», – деді Әділет Зейнел.

Сотта ол ешкімді кінәламайтынын айтып, Ұлдана Мырзуан өз мамандығын және атқарған ісін шын жақсы көргенін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий