Ғалым: Денсаулығы жарамайтындарды әкететіндіктен, әскерде суицид бар

28.09.2026 • 11:46 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ғалым: Денсаулығы жарамайтындарды әкететіндіктен, әскерде суицид бар
148
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстандағы әскери дайындық жүйесі мен қарулы күштердегі түйткілді мәселелер қайта талқыға түсті. Қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім мектептердегі бастапқы әскери дайындықтың төмендеуі, әскердегі заңбұзушылықтар мен мамандарды даярлау жүйесінің ақсап тұрғанына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл салада түбегейлі реформалар жүргізу қажет, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

Жанұзақ Әкім бұрынғы мектеп бағдарламаларындағы бастапқы әскери дайындықтың жоғары тиімділігін айырықша атап өтті. Ол сол кезеңде белгіленген қатаң нормативтердің жастарды әскерге сапалы дайындауға септігін тигізгенін алға тартты. Ал қазіргі мектеп бітірушілердің жауапты кезеңге техникалық та, физикалық та жағынан дайын еместігіне өкініш білдірді.

«Сонымен қатар, мектептерде де әскери дайындық жүргізілетін. Автоматты шашу мен жинаудың бәрін 20-25 секундта орындау керек еді. Ол кезде барлығында белгілі бір норматив болатын. Қазір қарасаңыз, ондайды істей алмайды. Біз әлі дайын емеспіз, дайын болмай бара жатырмыз», — деді Жанұзақ Әкім.

Сарапшы әскер қатарында жиілеп кеткен суицид оқиғалары мен оның негізгі себептеріне жеке тоқталды. Оның сөзінше, медициналық тексерістің сапасыздығынан қарулы күштерге денсаулығы жарамайтын және психологиялық тұрғыдан бейімделмеген азаматтар жиі шақырылады. Сонымен бірге ол кадрлық ауыс-түйістер мен беткі қабаттағы тұтқындаулар жүйелі сыбайлас жемқорлықты жоймайтынын ескертті.

«Сосын әскерде суицид те бар. Оның неге болатынын сұрастырып көрген едік. Әскерге денсаулығы жарамайтындарды да алып кетеді екен. Анау орыстар Украина соғысына аяғы жоқ, көзі көрмейтіндерді де алып кетіп жатыр ғой. Мында да тап солай, жарамайтындарға қарамай алып кетіп жатыр дейді. Сондай жағдайлар аздап емес, өте көп кездеседі. Оның үстіне, суицидке бейім адамдар болады, оларды әскерге аларда тексеру керек қой. Осындай жағдайлардың бәрі жиналып қалған. Сондықтан бұл саланы жан-жақты тексеретін уақыт келді. Бүгін жұмыстан алып тастап, 5-6 адамды тұтқындап жатқанын көрсеткеннен не пайда? Олар — ортадағы орындаушылар ғана. Ақша жинайтын да, оны жоғарыға беретін де — сол қарапайым орындаушылар. Бәрі сондай жүйеге айналып кеткен», — деді Жанұзақ Әкім.

Сөз соңында ол оқу орындарындағы әскери-материалдық базаның әлсіреп кеткенін тілге тиек етті. Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралар мен мектептердегі арнайы сабақтардың тоқырауға ұшырауы маман даярлау сапасын төмендеткенін жеткізді. Осыған байланысты ол әскерге дейінгі инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру қажеттігін меңзеді.

«Сонымен бірге, бізде әскерде мамандық беру деген атымен жоқ, бәрін құрттық. Бұрын барлық университетте әскери кафедралар, мектептерде арнайы сабақтар болатын. Әр мектепте кем дегенде 4-5 автоматтан болып, сонымен жаттығатын. Қазір солар бар ма, жоқ па? Жоқ деп ойлаймын. Себебі мектеп бітіргендер әскерге баруға дайын емес», — деді Жанұзақ Әкім.

Войдите, чтобы оставить комментарий