Ғұмар Серғазин қызметінен босатылды

01.10.2026 • 10:10 Қарақат АСЫЛОВА
Ғұмар Серғазин қызметінен босатылды
193
Фото: gov.kz

Ғұмар Серғазин 2025 жылғы 28 сәуірде тағайындалған қызметінен босатылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының өкімімен Ғұмар Екпінұлы Серғазин Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды», деп жазылған хабарламада.

Ғұмар Серғазин кім?

Ғұмар Екпінұлы Серғазин 1986 жылғы 20 маусымда Қостанай облысының Жітіқара қаласында дүниеге келген.

2008 жылы «Қазақ-Америка университетін» заңгер мамандығы бойынша бітіріп, 2013 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында» мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алған. 2015 жылы Австриядағы «Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Ядролық құқық институтында» оқыған. Ал 2020 жылы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік институтын» электр энергетикасы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы «Астана қаласы Сарыарқа ауданының халыққа қызмет көрсету орталығында» бастап, 2011 жылға дейін инспектор, кеңесші, бас инспектор және операциялық зал бастығының орынбасары болған.

2011 жылы «БТА Банк» АҚ заң департаментінің корпоративтік бизнесті құқықтық қамтамасыз ету басқармасында несие жобаларын құқықтық сүйемелдеу бөлімінің заңгері, заң секторының меңгерушісі болып жұмыс істеген.

2011–2012 жылдары «Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің» тұрғын үй қатынастары басқармасында сарапшы, бас сарапшы, ал 2013–2014 жылдары «Өңірлік даму министрлігінің» осы бағыттағы басқармасында бас сарапшы қызметін атқарған.

Энергетика саласындағы қызметі 2014 жылы басталған. Сол жылы «Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде» ішкі әкімшілендіру басқармасын, кейін заң басқармасын басқарған.

2014–2016 жылдары «Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің» заң басқармасына жетекшілік еткен.

2016–2017 жылдары «Энергетика министрлігінің» ақпараттық технологиялар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті директорының орынбасары болған.

2017 жылғы қаңтардан 2023 жылға дейін «Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті» төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Агенттікке ауысқанға дейін, 2023 жылғы наурыздан 2025 жылғы 28 сәуірге дейін «Энергетика министрлігінің» атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарған.

2025 жылғы 28 сәуірде Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған.

Войдите, чтобы оставить комментарий