Орынбасардан бас директорға: Тоқаев қызметінен босатқан Ғұмар Серғазин жаңа қызметке келді

02.10.2026 • 14:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Орынбасардан бас директорға: Тоқаев қызметінен босатқан Ғұмар Серғазин жаңа қызметке келді
345
Фото: gov.kz

Кеше Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары қызметінен босатылған Ғұмар Екпінұлы Серғазин Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 2 қазанда агенттік мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Серғазин агенттік төрағасының орынбасары қызметіне 2025 жылғы 28 сәуірде келген еді, ал 1 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен бұл лауазымнан босатылған.

Оған дейін ол Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде басшылық қызметтер атқарып, 2017 жылдан 2023 жылға дейін комитет төрағасының орынбасары болған. 2023 жылдан бастап министрліктің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарған.

Серғазин атом саласын дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық нысандар мен материалдарды физикалық қорғау және ядролық қаруды таратпау мәселелеріне жауап берген.

Ол Қазақстанның ТМД елдерінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясындағы ресми өкілі. Сонымен қатар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) төмен байытылған уран банкі үйлестіру комиссиясының тең төрағасы әрі Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарады.

Агенттіктің мәліметінше, Серғазиннің қатысуымен АЭХА-мен техникалық ынтымақтастық аясында жалпы құны 5,2 миллион АҚШ доллары болатын 16 ұлттық жоба жүзеге асқан. Олар атом энергетикасын, радиациялық қауіпсіздікті, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді және ядролық медицинаны дамытуға арналған. Оның көмегімен Қазақстанның 1000-нан астам маманы АЭХА курстарына, семинарларына, ғылыми сапарлары мен басқа да іс-шараларына қатысқан.

Серғазин «Атом энергиясын пайдалану туралы», «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заңдарға қатысты жұмысқа да қатысқан.

Енді ол басқаратын республикалық мемлекеттік кәсіпорын атом энергетикасының, ядролық және термоядролық технологиялардың қауіпсіздігін зерттеуді жалғастырмақ. Орталықтың ғылыми-техникалық базасын нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту де алдағы міндеттерінің қатарында.

Агенттік бұрынғы Семей сынақ полигонын экологиялық қалпына келтіру, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті күшейту, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға арналған ғылыми жобалар жалғасатынын хабарлады. Жиналған және алдағы уақытта пайда болатын радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз басқаруға қажет инфрақұрылым мен жұмыс тәртібін құруға ерекше көңіл бөлінбек.

Войдите, чтобы оставить комментарий