Халық әлі күнге дейін «Тамашаны» сұрайды: Асылбек Боранбай сағынышқа толы естелігін айтты
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Асылбек Боранбай Qazaqstan ұлттық телеарнасының Tansholpan бағдарламасына қонақ болып, қазақ көрерменінің жүрегінде мәңгі сақталған «Тамаша» ойын-сауық отауы жайлы сыр шертті, деп хабарлайды Politico.kz
Актердің айтуынша, ол «Тамаша» театрында 25 жыл бойы қызмет еткен. Өнер жолындағы ең маңызды кезеңі де дәл осы ұжыммен байланысты.
«Тамаша» — бізді халыққа танытқан, жұлдызымызды жаққан үлкен мектеп болды. Көптеген әнші мен актер осы ойын-сауық отауы арқылы елге танылды. Бұл — өнердің нағыз ордасы еді, — деді Асылбек Боранбай.
Актер бүгінгі күнге дейін көрермендердің «Тамашаны» сағынып сұрайтынын да жасырмады. Көшеде жолыққан әр адам сол кезеңді еске алып, жылы лебізін білдіретінін айтты.
Қайда барсам да, халық «Тамаша қашан қайтады?» деп сұрайды. Бұл — көрерменнің бізге деген шынайы ықыласы. Ең бастысы, біз сол жерде ең мықты ұстаздардың көзін көрдік, үлкен тәрбие алдық, — деп атап өтті ол.
Бағдарламадан кейін желі қолданушылары да өз пікірлерін жарыса жазып, сағыныштарын білдірді.
«Аман болыңыз, айналайын», «Тамашаны қайта-қайта көре беретін едік», «Қазақ юморының алтын дәуірі ғой» деп жылы лебіздерін қалдырды көрермендер.
«Тамаша» — бір дәуірдің символы, ал сол дәуірдің куәгерлері мен жасаушылары халық жадында әлі күнге дейін ерекше құрметке ие.
Соңғы жаңалықтар