«Харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске»: депутат дүмше діндарлар туралы мәселе көтерді
Мәжіліс отырсында депутат Ермұрат Бапи қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар жөнінде жасаған мәлімдеме жасап, бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутат елде көбейіп кеткен псевдодіни уағызшыларға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде таралып жатқан теріс діни насихат қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық құндылықтарға және жастардың санасына қауіп төндіреді.
Депутат үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне «сыйға тартқан» имам туралы және Наурыз мейрамын харам деген блогер туралы сөз қозғады.
Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!
Екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі, – дейді депутат.
Мәжіліс депутатының сөзінше, адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс.
Депутат Ермұрат Бапиның айтуынша, діни негіздегі қоғамдық шиеленістің алдын алу үшін тек әкімшілік жазалар жеткіліксіз. Ол әлеуметтік желілер арқылы теріс діни насихат жүргізіп, араздықты қоздыратын тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді қарастыру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты депутат тиісті заңнамалық нормаларды депутаттар талқылауына ұсынуды сұрады.
Бапидің сөзінше, түптеп келгенде, ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ.
«Ең бастысы - бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар «жоғалған ұрпаққа» айналуы ғажап емес», – дейді Бапи.
Депутат Ермұрат Бапидың сөзінше, кейбір теріс діни ағым өкілдері Ораза айт пен Құрбан айттан өзге мерекелерді, соның ішінде ұлттық дәстүрлерді де «харам» деп танып, халықтың тарихи-мәдени құндылықтарын жоққа шығарып жатыр.
«Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: «Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!». Шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, «ақпараттық терроризм» деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет», – деді Ермұрат Бапи.
Депутат құзырлы органдарға бірнеше ұсыныс тастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысын қайта қарау қажет екенін айтты.
«Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткнрлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кебін киген тәрізді. Қарапайым тілде «ДУМК» деп, қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс», – дейді депутат.
Соңғы жаңалықтар