Илoн Масктың SpaceX зымыраны жарылды
SpaceX компаниясының Starship зымыраны кезекті сынақ ұшырылымынан кейін бірнеше минут өткен соң жарылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Зымыран Оңтүстік Техастағы ғарыш айлағынан шығыс уақыты бойынша 18:38-де (Қазақстан уақытымен 4:38-де) ұшырылды. Алайда сегіз минут өткен соң зымыранмен байланыс үзілген. Апат зымыранның екінші кезеңінде орын алғаны белгілі болды.
Алғашқы кезеңдегі Super Heavy зымыран тасығышы жоспарға сәйкес старт алаңына сәтті оралды.
«Табыс кепілдігі жоқ, бірақ шоу өтті», – деп әзілмен жауап берді SpaceX басшысы Илoн Маск.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апатқа сұйық оттегінің ағуы себеп болған. Бұл ақау зымыран құрылымының бұзылуына әкелді.
«Ағып кеткен оттегінің көлемі жоғары болып, желдеткіш тесік арқылы қысымды төмендете алмады», – деп қосты Маск.
Оқиға куәгерлері зымыран сынықтарының Гаити аспанында ұшып бара жатқанын байқаған. АҚШ-тың Азаматтық авиация федералды басқармасы оқиға орын алған аймақта әуе кеңістігін жапты. Осыған байланысты Мексика шығанағы үстіндегі рейстердің бағытын өзгертуге тура келді.
Илoн Маск келесі «тарихтағы ең қуатты зымыранның» ұшырылымы келесі айға жоспарланғанын мәлімдеді.