"Ақырын жүріп, анық басшы, сіңілім": Құралай ханым Қабатовтың екінші әйеліне жауап берді
Танымал психолог әрі коуч Құралай ханым әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман Талғатқызының неке куәлігін «бір жапырақ қағазға» теңеген астарлы жазбасына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Психолог әлеуметтік желідегі парақшасында бұл тақырыптың жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететінін айтып, мәселені айналып өте алмағанын жеткізді:
«Неке куәлігі жай ғана бір жапырақ қағаз ба? Біреудің төсегін өсек қылғың-ақ келмейді, бірақ ол өсек өсіп келе жатқан жеткіншектің ой-өрісіне, сосын өміріне әсер ететінін ойласақ, осы жолғы өсектен өтіп кеткім келмеді. Бала кезде "үй жинап қой" десе, ойынға айналып, мама жұмыстан кеп қалғанда бер жағын сыпырып, қалғанын паластың астына ысқыртап, қоқыстарға "қоныс той" жасаушы едік қой… Ондайда "Тазалықты сүйемін" деген жанайқай Алла алдында таза екеніңнің дәлелі емес», — деп жазды ол.
Құралай ханымның сөзінше, адамның өз өмірін әсірелеп, шындық пен қиялды араластырып көрсетуге тырысуы психологияда «псевдология фантастика» деп аталады. Ол танымал адамдардың жұбайлары мұндай әрекеттерді қалыпты жағдай ретінде насихаттауы қоғам санасына теріс ықпал ететінін алға тартты:
«Жұлдыздардың "жұлдыз жұбайлары" осылай өткен өмірлерін жылтыр қылып көрсеткісі кеп, жырлап отыруы — енді біреудің ғана шаруасы емес, енді бәріміздің шаруамыз. "Бір жапырақ қағазды" қағаз көрмей, ерсі қылыққа ілесіп, сол жолдағылармен тіресіп, сосын өмір бойы күресіп жүру — норма екен ғой" деген ой бүршік атып үлгерген шығар, кей санада. Және бұл "былық пен қылықтың" насихаты мен "тоқал болудың плюстары" деген жасырын уағыз тоқтайтын емес. Енді ел ұмытты ма дегенде, назарды өзіне қайта бұруда. Өзіңіз ойлай беріңіз, осы уақыт ішінде талай бойжеткеннің "ұят болады" деген әрекеттен қанша рет аттап үлгергенін…», — деді психолог.
Сөз соңында коуч көпшілікке ақталу үшін ұзақ жазба жариялағанша, байыппен әрекет етуге кеңес берді:
«Солға қарай бұрылу, бұрынғымен қырылу мен ұятсыздыққа ұрылу орын алып, бетің күліп тұрса да, ішің күрең тартып, жұртқа адал болып көріну үшін, мың әріп жазып, жаның шүберекке тығылғанша, "ақырын жүріп, анық басшы, сіңілім"», — деп түйіндеді Құралай ханым.
Желі қолданушылары психологтың бұл пікірін қызу қолдап, астына түрлі лебіздерін қалдыруда.
Соңғы жаңалықтар