Қазақстанның зейнетақы жүйесі әлемдік үздік ондықтың қатарында
Қазақстан зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді орнықтылығы бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына енді. Алайда жалпы рейтингте 55 мемлекеттің арасында 29-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде зейнетақы жүйесінің орнықтылығы бойынша 74,4 балл жинап, сегізінші орын алған.
Бұл көрсеткіш елдің болашақта зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін бағалайды. Ол үшін зейнетақы жинақтарының көлемі, қаржыландыру көздері, халықтың қартаюы және зейнетақы жүйесіне қатысатын жұмыскерлердің үлесі ескеріледі.
Ал жалпы рейтингте Қазақстан 64,8 балл жинап, 55 елдің арасында 29-орынға ие болды. Елдің зейнетақы жүйесі C+ деңгейінде бағаланды. Былтыр бұл көрсеткіш 65 балл болған.
Зерттеу барысында сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті үш бағыт бойынша бағалаған. Олар – зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің ұзақ мерзімді орнықтылығы және оны басқару сапасы.
Қазақстан зейнетақы жүйесін басқару, азаматтардың құқықтарын қорғау және ақпараттандыру бағыты бойынша 83 балл жинаған.
Сарапшылар еліміздегі зейнетақы жүйесінің артықшылықтары ретінде жұмыскерлердің зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтылуын және олардың құқықтарының қорғалуын атап өткен. Дегенмен зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін әлі де арттыру қажет екені көрсетілген.
Айта кетейік, Қазақстан әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына енді.
Соңғы жаңалықтар