Иракта 9 жастағы қыз балаларға некеге тұруға рұқсат етілді
Ирак парламенті 9 жасар қыз балаларға некеге тұруға рұқсат беретін заңды мақұлдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ, CNN-ге сілтеме жасап.
Парламенттің жаңа түзетулері 1959 жылы қабылданған жеке мәртебе туралы заңға енгізілді. Бұл заң әйелдердің отбасылық мәселелердегі құқықтарын қорғауға бағытталған болатын. Енді енгізілген өзгерістер некеге, ажырасуға және мұрагерлікке байланысты мәселелерді исламдық соттардың қарауына беруді күшейтті.
Түзетулерді консервативті шииттік депутаттар ұсынған. Олар бұл заңнаманы ислам қағидаттарына сәйкестендіріп, Батыс мәдениетінің ықпалын азайтуға көмектеседі деп санайды.
Иракта некеге тұрудың ең төменгі жасы – 18 жас. Алайда, жаңа түзетулерге сәйкес, діни қызметкерлер исламдық құқық нормаларына сүйене отырып, некені бекіту туралы шешім қабылдай алады. Кейбір діни көшбасшылар қыздарға 9 жастан бастап некеге тұруға рұқсат беру орынды деп есептейді.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл түзетулерге қарсы шығып, қыз балалардың балалық шағынан айырылып, әйелдердің ажырасу, қамқорлық және мұрагерлік құқықтарын қорғау механизмдері шектеледі деп алаңдаушылық білдірді.
Парламенттегі сессия тәртіпсіздікпен аяқталды. Кейбір депутаттар өзгерістерге наразылық білдіріп, трибунаға шығып кетті.
"Сессияға қатысқан депутаттардың жартысы дауыс бермеді, бұл кворумды бұзады," – деді парламенттегі дереккөз CNN-ге.