«Желтоқсандықтар – топас әрі ауылдықтар»: Қазақтарды қорлаған Виолетта Паршинаға іздеу жарияланды

«Желтоқсандықтар – топас әрі ауылдықтар»: Қазақтарды қорлаған Виолетта Паршинаға іздеу жарияланды

Биыл сәуірде әлеуметтік желіде қазақ халқына, Желтоқсандықтарға және Қазақстанға тіл тигізіп, үлкен дауға қалған Виолетта Паршинаға іздеу жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында пайда болды.

Порталдағы мәліметке сәйкес, 1974 жылғы 29 тамызда туған Қазақстан азаматы Виолетта Александровна Паршинаға қатысты іздестіру ісі 10 қарашада тіркелген.

Іздеуге бастамашы болған мекеме – Ішкі істер министрлігі. Ал оны іздестіру Алматы қаласының Бостандық аудандық полиция басқармасына жүктелген.

Скриншот: qamqor.gov.kz
Скриншот: qamqor.gov.kz

Еске салайық, биыл сәуір айының соңында Виолетта Паршина Threads әлеуметтік желісіндегі жазбалары үшін жұрттың наразылығын туғызған еді.

Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды «мас, топас, ауылдан шыққан мәмбеттер» деп қорлаған. Сондай-ақ Қазақстанды «жиіркенішті мемлекет» деп атаған.

Бұл сөздер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұртшылық әйелді жауапқа тартуды талап етті. Сол кезде полиция Паршинаның ұсталғанын хабарлаған еді. Ендеше оған неліктен енді іздеу жарияланды? Осыны анықтау үшін Politico.kz Алматы полиция департаментіне сауал жолдады.

Сондай-ақ оның басқа іс бойынша іздестірілуі мүмкін екенін ескеріп, сәуірдегі мәлімдемелеріне қатысты сот үкімі шыққан-шықпағанын тексердік. Алайда Сот органдарының бірыңғай порталынан Паршинаға қатысты сот шешімін таба алмадық.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу