Қазақстанда көліктерге жасыл нөмір беріле бастайды

Қазақстанда көліктерге жасыл нөмір беріле бастайды
ЖИ арқылы жасалған сурет

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап электромобильдерге жаңа үлгідегі мемлекеттік нөмірлер беріледі. Олардың басты ерекшелігі – көліктің қай өңірде тіркелгенін көрсететін бөлігі жасыл түсті болады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің үлгілеріне өзгеріс енгізу туралы бұйрықты бекітті. Құжат Құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде жарияланған.

Жаңа нөмірлер жеке адамдарға да, компанияларға да тиесілі электр көліктеріне арналған. Бұл талап жеңіл және жүк электромобильдеріне, сондай-ақ электр автобустарына қатысты.

Кәдімгі электромобильдердің мемлекеттік нөмірі ақ түсті болып қалады. Онда Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленеді. Ал өңір коды орналасқан бөлік жасыл түспен ерекшеленеді. Әріптер, цифрлар және KZ белгісі қара түспен жазылады.

Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электромобильдерге басқа үлгідегі нөмір қарастырылған. Олардың негізгі түсі көк, өңірді көрсететін бөлігі жасыл, ал әріптері мен цифрлары ақ болады.

Электр мотоциклдеріне де жеке нөмір үлгісі бекітілген.

Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің қызметтік және жеке электромобильдеріне, сондай-ақ құрметті консулдардың көліктеріне қызыл түсті нөмір беріледі.

Ал шетелдік азаматтар мен шетелдік заңды тұлғаларға тиесілі өзге санаттағы электромобильдердің нөмірі сары түсті болады. Бұл нөмірлерде де өңір коды жасыл түспен ерекшеленеді.

ІІМ бекіткен жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жаңа мемлекеттік нөмірлердің қандай болатынын мына жерден көре аласыздар.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу