Маңғыстау облысы әкімінің экс-орынбасары өмірден өтті
Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Рақымбек Әміржанов 62 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Politico.kz.
Түпқараған ауданының әкімдігі марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Әкімдіктің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Түпқараған ауданының әкімдігі, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес Маңғыстау облысының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Рақымбек Әміржановтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Әкімдік өкілдері оның бар ғұмырын ел игілігіне, өлкенің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға арнап, артына өшпес із қалдырғанын атап өтті.
Рақымбек Әміржанов туралы
Ол 1964 жылы Маңғыстау өңіріне қарасты Форт-Шевченко қаласында туған. Ол Новосібір мемлекеттік университетінде «физика» бағыты бойынша жоғары білім алып, кейін біліктілігін Жапониядағы Хоккайдо университетінде (Саппоро қ.) шыңдаған.
Еңбек жолын Ақтау халықаралық теңіз сауда портында бастап, бірқатар жауапты қызметті атқарған. Әр жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, NCOC компаниясының өңірдегі кеңесшісі ретінде қызмет етті. Сонымен қатар «Semurg Invest» серіктестігінде бизнесті дамыту менеджері, ал «Теңізсервис» ЖШС-де бас менеджер лауазымдарында тәжірибе жинақтаған.
Өңір басшысының орынбасары лауазымына дейін облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасын уақытша басқарды. Ал 2013 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып бекітіліп, аймақтағы инвестиция тарту, экономиканың нақты секторын өркендету және инновациялық жобаларды үйлестіру жұмыстарына жетекшілік жасады.
Соңғы жаңалықтар