Қорғаныс министрлігін тексеруден кейін тағы үш жоғары лауазымды офицер қамауға алынғаны хабарланды

Қорғаныс министрлігін тексеруден кейін тағы үш жоғары лауазымды офицер қамауға алынғаны хабарланды
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда Қорғаныс министрлігін президент тапсырмасымен тексеруден кейін үш жоғары лауазымды әскери қызметкер қамауға алынған. Олардың екеуі пара алды, ал үшіншісі аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Журналистің мәліметінше, үш офицер де әскерді материалдық қамтамасыз етуге жауапты бөлімшелерде басшылық қызмет атқарған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінде жүргізілген тексеруден кейін жоғары лауазымды офицерлерді қамауға алу басталды. Қазірдің өзінде үш жағдай белгілі. Олардың барлығы әскерді қамтамасыз ететін бөлімшелердің жұмысына қатысты», – деп жазды Козачков.

Оның айтуынша, алғашқылардың бірі болып Балқаш аудандық пайдалану бөлімінің басшысы Жомарт Сабиров тергеу изоляторына қамалған.

«Дереккөзімнің айтуынша, ол жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінген. Офицерге әскери бөлімге тауар жеткізетін кәсіпкерлердің бірі ақша беріп отырған», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ Атырау аудандық пайдалану бөлімінің басшысы Бақыт Сейдалимов те қамауға алынған. Оған да пара алды деген күдік келтіріліп отыр.

Ал Қарулы күштердің Әскери инфрақұрылым бас басқармасындағы басқарма басшысы Ерғали Дәутбаевқа қатысты Астананың тергеу соты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.

Козачковтың мәліметінше, аталған қылмыстық істерді Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр. Құзырлы органдардың ресми растауы күтілуде.

Еске салайық, Қорғаныс министрлігін ауқымды тексеру Маңғыстау облысында 14 әскери қызметкердің қазасынан кейін басталған еді.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел салдарынан 17 әскери қызметкер суға кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, қалған 14-і қаза тапты.

Осы оқиғадан кейін елде аза тұту күні жарияланды. Қорғаныс министрі ауысып, оның орынбасарлары қызметінен босатылды.

26 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрды.

Жақында комиссия тексерудің аралық қорытындысын жариялады. Онда 104 нысан тексеріліп, 37 қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Бұған дейін прокуратура Каспий теңізіндегі әскери қызметкерлердің қазасына байланысты 8 лауазымды тұлға қамауға алынғанын мәлімдеген еді. Олар қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу күдігіне ілінген.

Қамауға алынғандардың қатарында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері және катер капитаны бар.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу