Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуден бас тартты

02.03.2026 10:16 Әсел Мұрат
Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуден бас тартты
262
Фото: ашық дереккөз

Иран АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізбейді. Бұл туралы Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Біз ешбір жағдайда АҚШ-пен келіссөздер жүргізбейміз», — делінген ресми мәлімдемеде.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздер жүргізуге әлі де дайын екенін айтқан. Алайда ол «мұндай әңгімені өткен аптада бастау керек еді» деп атап өтті. Сонымен бірге Тегеран АҚШ талаптарын «қанағаттандырған жағдайда» соққыларды уақытша тоқтатуға болатынын да жоққа шығармады.

Сондай-ақ Дональд Трамп Иран басшысы лауазымына үш үміткер бар екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қажет болған жағдайда АҚШ әскері Иранға қарсы шабуылдарды төрт-бес апта бойы жалғастыруға дайын.

Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны бастады. Тель-Авив билігі бұл соққылардың мақсаты — Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін хабарлады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның әскери-теңіз флотын және қорғаныс өнеркәсібін жою ниетін білдіріп, ел азаматтарын билікті құлатуға шақырды.

1 наурызға қараған түні Иран елдің жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменейдің қаза тапқанын жариялады. АҚШ пен Израиль соққылары салдарынан Аятолланың қызы, күйеу баласы, немересі және келіні де көз жұмғаны хабарланды.

БАҚ деректеріне сүйенсек, зымыран соққылары тек әскери нысандарды ғана емес, Ислам Республикасындағы және өңірдің басқа елдеріндегі азаматтық инфрақұрылым нысандарын да қамтыған. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери базаларға соққы беруде.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий