Иран Вьетнамға, ал Украина Кореяға айналды – сарапшы қақтығыстардың қалай аяқталатынын болжады
Иран мен Украинадағы қарулы қақтығыстар Вьетнам және Корея соғыстарының сценарийімен аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Foreign Affairs журналы жазды.
Халықаралық қатынастар кеңесінің аға ғылыми қызметкері және соғыстардың қалай аяқталатыны (How Wars End) туралы кітаптың авторы Гидеон Роуз тарихи ұқсастықтарға сүйене отырып, әлем назарындағы екі үлкен қақтығыстың нәтижесін болжап берді.
«Тарихи ұқсастықтар ешқашан мінсіз болмайды, Иран мен Вьетнамдағы қақтығыстар арасында географиялық, идеологиялық және мерзімдік жағынан көптеген айырмашылық бар», – деді Гидеон Роуз.
Дегенмен екі соғыстың құрылымында байқалатын айқын симметрия бар екені айтылды. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы 1973 жылғы Вьетнам соғысы сияқты тұрақсыз компромисспен аяқталуы мүмкін. Бұл келісім кейбір мәселелерді шешкенімен, Ислам Республикасының тағдыры мен оның ядролық бағдарламасы сияқты маңызды түйткілдерді кейінге қалдырады. Ал Украинадағы соғыс Кореядағы жағдайға ұқсас өрбіп, қазіргі майдан шебіне ұқсас шекараларды бекітетін келісіммен аяқталуы ықтимал. Мұздатылған шекаралар бітімгершілік аясында белгісіз мерзімге дейін күзетілетін болады.
Линдон Джонсонмен жарты жолда
Дональд Трамп әкімшілігіне Линдон Джонсонның Вьетнамдағы 5 жылдық саясатының барлық кезеңінен өту үшін небәрі 2 ай жеткілікті болды. Олар қақтығысқа кіріп, жағдайды ушықтырып, ақыры тығырыққа тірелгеннен кейін келіссөздерге көшті. Қазір АҚШ билігі Ричард Никсон тұсындағыдай алдымен қатаң талаптар қойып, кейін соғыстан тиімсіз келісім арқылы шығу керектігін түсіне бастады. Автордың пікірінше Ирандағы интервенция тағы бірнеше айдан соң аяқталуы тиіс, ал ол кезде өзара айыптаулар басталып үлгереді.
Кезінде Ричард Никсон мен оның кеңесшісі Генри Киссинджер Вьетнам соғысын аяқтау міндетін мұраға алды. Олар жаңа қауіптер мен қоқан-лоқылар арқылы Солтүстік Вьетнамды қорқытып, Кеңес Одағы мен Қытайды көмекке шақыру арқылы бейбіт келісімге келуге тырысқан еді. Алайда бұл стратегия сәтсіздікке ұшырап, соғыс ұзаққа созылып кетті.
«Солтүстік Вьетнам сияқты төртінші қатардағы мемлекеттің сыну нүктесі жоқ екеніне сене алмаймын», – деді Генри Киссинджер сол кездегі қызметкерлеріне.
Ақыры Никсон мен Киссинджер әскерді біртіндеп шығарып, келіссөздер арқылы мәселені реттеу стратегиясын таңдады. 1973 жылы бұл қадам АҚШ-қа әскери қимылдарды тоқтатып, тұтқындарды үйге қайтаруға мүмкіндік берді, бірақ екі жылдан кейін Оңтүстік Вьетнамның құлауына алып келді.
Дональд Трамп та Иранға қауіпті тенденцияларды тоқтату үшін кіріскен болатын. 2025 жылдың маусымындағы Израиль мен АҚШ-тың әуе соққылары Иранның ядролық бағдарламасына қатты зиян келтірді. Ақпан айының соңында жасалған бірлескен шабуыл Иранның әскери күшін жойып, жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеиді қоса алғанда көптеген шенеуніктің көзін жойды. Алайда оның орнына ұлы Моджтаба келіп, режим өз жұмысын жалғастыра берді. Оған қоса Иран Парсы шығанағындағы көршілеріне қарымта соққы жасап, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына шектеу енгізу арқылы жаһандық энергетикалық дағдарыс тудырды. Сәуір айында көңілі қалған Трамп қысым көрсету мен ультиматум қою стратегиясына көшіп, 8 сәуірде атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізді. Пәкістанның делдалдығымен басталған келіссөздер әлі де қалаған нәтижені бермей отыр.
Покердегі тең ойын
Украина жағында соғысып жатқан Солтүстік Корея әскерлері өз аталарының қанды қырғынын қайта бастан кешіп жатқандай күйде болуы мүмкін. 1950 жылдың маусымында Солтүстік Корея күштері бүкіл түбекті бақылауға алу үшін 38-параллельден өтіп тұтқиылдан шабуыл жасағанда, АҚШ Оңтүстік Кореяны қорғауға міндеттенді. Соғыс барысында екі жақ та үлкен шығынға ұшырап, ақыры тығырықтан шығудың қиын екенін түсінген соң келіссөздерге көшті. 1953 жылдың шілдесіндегі бітімгершілік соғысқа дейінгі шекара сызықтарына жақын аумақта бекітілді.
Украинадағы жағдай да дәл осы сценариймен өрбуде. 2022 жылдың ақпанында басталған Ресейдің күтпеген шабуылынан кейін АҚШ пен Еуропа агрессия құрбанына көмектесуге уәде берді. Кореядағы сияқты Украинадағы соғыстың алғашқы жылы ірі әскери бұрылыстармен ерекшеленді, ал одан кейінгі жылдары майдан шебінде өзгеріссіз қалған ауыр қақтығыстар жалғасты. 2025 жылы Трамп Ресейге аумақтарын сақтап қалуға уәде беріп, ал Украинаға көмекті тоқтату арқылы қысым жасап, келісімді күштеп таңуға тырысты. Бірақ екі тарап та бұған келіспей, соғыс жалғаса берді. Жүздеген мың адам қаза тауып, шығын көлемі млн-ға жеткен бұл соғыста тараптар әбден титықтаған сайын тығырықты бекітетін келісімнің ықтималдығы арта түспек.
Бұл жолы бәрі бұрынғыдай
Бұл төрт соғыстың барлығында ядролық қауіп байқалды. Ядролық державалар жауын қорқыту үшін бомба қолданамыз деп сес көрсеткенімен, оны ешқашан іске асырмаған. АҚШ Корея мен Вьетнамда, ал Ресей Украинада ядролық қаруды қолданған жоқ. Дәл сол сияқты АҚШ пен Израиль де өркениеттің соңы туралы қанша айтса да, Иранда ядролық қаруды пайдаланбайды. Алайда Украинаның ядролық әлеуетінен бас тартқаннан кейін ғана шабуылға ұшырағаны, ал ядролық қаруы бар Солтүстік Кореяның қауіпсіздікте отырғаны ядролық қаруды таратуға деген ұмтылысты күшейте түсетіні анық.
Үлкен державалар соғысты тоқтатуға дайын болғанда, олар кіші серіктестерін соған көндіретіні тарихта дәлелденген. Уақытында Вашингтон Сеул мен Сайгонды қарсылығына қарамастан келісімге келуге мәжбүрледі. Егер Ресей қолайлы келісім жасауға дайын болса, АҚШ пен Еуропа Киевті оны қабылдауға көндірудің жолын табады. Иран мәселесінде де Трамп әкімшілігі Ислам Республикасымен ортақ тіл тапқан бойда Израиль мен Парсы шығанағы елдерінің қатаң саясатты жалғастыру туралы талаптарын шетке ысырып қояды. Тарихқа көз жүгіртсек, әскери күш саяси пайда әкеледі және жау жауап бермейді деп ойлайтын басшылардың жиі қателесетінін көруге болады.
Айта кетейік, Мәскеу мен Бейжің арасындағы шексіз серіктестік бұлдырап, Ресейдің Қытайға деген экономикалық кіріптарлығы қауіпті шекке жеткені жайлы сарапшының пікірін осыған дейін жазған едік.
Соңғы жаңалықтар