Ербол Айтуовтың өлімі: Ақтаудағы клиника оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады
Ақтауда жеке клиникада жасалған отадан кейін көз жұмған Ербол Айтуовтың ісіне қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпарат қоғамда кең талқылануда, деп хабарлайды Politico.kz.
Осыған байланысты клиника ресми мәлімдеме жасап, бірқатар жайттарға түсініктеме берді.
Мекеме таратқан ақпаратта, әлеуметтік желілерде айып тағылып жүрген дәрігердің аталған операцияны тікелей өзі жасамағаны айтылған. Клиника өкілдері марқұмның қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Сондай-ақ клиника тараған кейбір мәліметтерді жоққа шығарып, мекеменің медициналық қызметті қолданыстағы лицензия негізінде жүзеге асыратынын мәлімдеді. Ресми хабарламада клиниканың анестезиология және реаниматология бағыттары бойынша да тиісті рұқсат құжаттары бар екені көрсетілген. Лицензияның №00650DE екені және оның 2015 жылдың 31 шілдесінен бастап жарамды екені айтылды.
Клиника әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ өкілдерінен тексерілмеген ақпарат таратпауға, жалған немесе бұрмаланған мәліметтерді жарияламауға шақырды. Мекеме мұндай әрекеттер медициналық мамандардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертті.
Ресми мәлімдемеде сондай-ақ, жалған ақпарат тарату заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені еске салынды. Барлық фактілер мен жағдайлар қажет болған жағдайда құжаттармен расталатыны да айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Ербол Айтуов Ақтаудағы жеке клиникада липосакция отасынан кейін ауыр халге түсіп, комаға түскені, кейінірек қайтыс болғаны хабарланған еді. Бұл оқиғаға байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау органдары тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталғаны жөнінде ақпарат тараған болатын.
Соңғы жаңалықтар