Иранда жаңа жоғарғы көшбасшы тағайындалды

09.03.2026 09:09 Әсел Мұрат
Иранда жаңа жоғарғы көшбасшы тағайындалды
363
Фото: ашық дереккөз

Сарапшылар кеңесі Моджтаба Хаменеиді Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы ретінде бекітті, деп хабарлайды Politico.kz. Fars агенттігіне сілтеме жасап.

«Көшбасшылық жөніндегі Сарапшылар кеңесі көпшілік дауыспен аятолла Хадж Сейед Моджтаба Хаменеиді Иран Ислам Республикасының үшінші көшбасшысы етіп тағайындады», – делінген хабарламада.

Иран заңнамасына сәйкес, Жоғарғы көшбасшы міндетті түрде ер адам әрі діни тұлға болуы тиіс. Сонымен қатар оның саяси тәжірибесі, жоғары моральдық беделі және Ислам Республикасына адалдығы маңызды талаптардың бірі саналады. Көшбасшыны таңдау барысында қаза болған жетекшінің өсиеті де ескерілген. Онда: «Мемлекет басшысын дұшпандары мақтамауы тиіс, керісінше олар одан қорқып, жек көруі керек» деген пікір айтылған.

56 жастағы Сейед Моджтаба Хаменеи — бұған дейін Израиль мен АҚШ соққыларынан қаза тапқан Иранның бұрынғы жоғарғы жетекшісі Али Хаменеидің екінші ұлы. Ол Иранның саяси-діни элитасы ішіндегі ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Ұзақ уақыт бойы Жоғарғы Көшбасшының аппаратында жұмыс істеп, Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілдерімен тығыз байланыс орнатқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін «елдің қарулы күштері тарихындағы ең қуатты әскери операциялардың бірін» бастайтынын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ ел билігі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялап, жеті күнді ресми демалыс күндері ретінде белгілеген.

Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Хаменеи қайтыс болғаннан кейін елдің ірі қалаларындағы орталық алаңдарға мыңдаған адам жиналып, кек алуды талап етуде. Сонымен қатар мемлекет аумағында жаппай аза тұту рәсімдері өтіп, мешіттерде қаралы тулар ілінген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий