«Іздейтін байы жоқ па»: Танымал тележүргізуші оқырманының сұрағы ауыр тигенін айтты

Танымал тележүргізуші Анна Данченко жеке өміріне қатысты ауыр пікір жазған оқырманына жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналист Instagram желісіндегі оқырманының “Той аңдып, жүрмейтін жері жоқ, іздейтін байы жоқ па” деген сұрағына жауап берді.
"Мен, негізі, өз жөнімен, тыныш жүрген адаммын. Ешкімге жамандығым жоқ. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін, алдын кесіп, алдап-арбап, сатқындық жасап жүрген жоқпын. Шүкір.
Қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, бойыма сол дәстүрді сіңіріп өскен қарапайым ауылдың қызымын. “Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет” деп, елдің батасын алып жүрген Аннамын ғой. Ата-анамды қалай құрметтесем, айналамдағы адамдардың да қадір-қасиетін бағалап, сыйлап жүремін.
Бірақ, Ақжаулықты “Алтын әженің” бұл пікірі жаныма қатты батты. Анамның менің парақшамды қарап, барлық пікірді оқитынын ескерсем, сол кісіге де ұнамасы анық…
Халық алдында жүрген соң ұзын етегімді қысқартпай, жаман әдетке жол бермей, түзу жүріп, мені аялап, мәпелеп өсірген Ата-анамды жерге қаратпайын деп өзгені емес, өзімді күнделікті тәрбиелеп келемін.
Оқуға түссем де өзім, жұмысқа тұрсам да өзім. Ешкімнің алдына барып, табалдырығын тоздыран емеспін. Тек үлкендердің батасымен, көптің қолдауымен, өз күшіммен еңбектеніп жүрген адаммын. Әрине, көптің алдында есеп беруге міндетті емеспін. Мен адамның емес, тек Алланың алдында жауап беруге тиіспін. Ақыретте пенде сұралатын 5 нәрсе барын ұмытпайық", — деп жазды ол.
Анна Данченко егде жастағы оқырманының бұл сұрағы өзіне ауыр тигенін де жасырмады.
“Алтын Әжеге” менің биім де, әр қалаға барып жүргізушілік қызметім де ұнамаса керек. “Той аңдып, жүрмейтін жері жоқ” депті, шүкір, шақыртулар көп және мен тек шақырылған жерге ғана барамын. “Іздейтін байы жоқ па” деп те жаза кетіпті. Иә, мен тұрмысқа шыққан жоқпын әлі, Алла бұйыртса, сол күнге де жетерміз. Маңдайымызға жазғанын көреміз енді. “Байым” болмаса да, үйде мені күтетін, іздейтін, әрдайым тақымын қысып отыратын Анашым бар. Шүкір.
Мен өз Әжеме еркелеп, бауырына тығылып, етегіне оратылып үлгермедім. Мен Аралдың тұзды ауасын жұтып, шаңына аунап, еркелеп өстім. Мені Аралдың, қала берді бүкіл қазақ елінің әжелері еркелетті. Мен олардан даналық көрдім, мейірімділіктеріне тәнті болды.
Себебі, Әженің тәрбиесі – қазақ қоғамының жазылмаған оқулығы. Жадымызға қашалған қасиетті ілім. Мен жастардың жүрегіне таза тамшы болып таматын әже ақылы мен әңгімелелері көп болса екен деймін. Рамазан айы — Кешірім айы ғой. Бұл пікір жүрегімді ауыртқаны рас. Ұстаған Оразамыз, ниетіміз қабыл болсын!", — дейді тележүргізуші.
Соңғы жаңалықтар





