Каспийді қалай құтқаруға болады? Экологтардың ұсыныстары

Каспий теңізінің суы қарқынды түрде тартылып, экожүйесі жойылу қаупінде тұр. Экологтар теңізді құтқару үшін ғылыми зерттеулер, жүйелі мониторинг және трансшекаралық ынтымақтастық қажет екенін айтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Каспий теңізінің тартылуы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Германия мен Нидерланды ғалымдарының болжамы бойынша, 2054 жылға қарай теңіздің солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігі толықтай құрғауы мүмкін.
Эколог Галина Чернова Каспий суының азаюына өзендердің сарқылуы, климаттың өзгеруі және мұнай өндірісі себеп болып отырғанын атап өтті.
«85% су қоры Волгадан келеді. Бірақ Ресей өзеннің арнасын реттеп, судың негізгі бөлігі Каспийге жетпейді. Бұл мәселе қазірдің өзінде теңіз экожүйесіне ауыр әсерін тигізіп отыр», – деді ол.
Экологтар 2000 жылдан бері тюленьдер мен осетр балықтарының жаппай қырылуы, теңіздегі биологиялық әртүрліліктің азаюы мен су деңгейінің рекордтық төмендеуі Каспийді құтқаруға арналған жаңа шаралар қабылдауды қажет ететінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, мұнай өндіру жұмыстарының экологияға әсері де алаңдатарлық. Вадим Ни мұнай компанияларының теңізге тигізетін кері әсерін зерттеу керектігін айтты.
«Теңіздегі мұнай өндірісі мониторингсіз жүргізілуде. Бізге экологиялық бақылауды күшейту қажет», – деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы жолдауында Каспий теңізін зерттеу институтын құруды тапсырған болатын. Бірақ тек 2024 жылы ғана бұл институтты құру туралы үкімет қаулысы шықты. Әзірге бұл институттың қаржысы да, қызметкерлері де жоқ.
Экологтар Каспийді құтқару үшін төмендегідей шараларды ұсынады:
- Өзендердің су ағынын арттыру – Ресей суды жіберуі керек
- Халықаралық экологиялық келісімдер жасау
- Каспийдің тұрақты мониторингін жүргізу
- Мұнай өндірудің қоршаған ортаға әсерін қатаң бақылау
Егер жақын арада шара қолданылмаса, Каспий теңізі орны толмас экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.
Ақпарат informburo.kz сайтынан алынған.
Соңғы жаңалықтар





