Kazakhmys Barlau мыс пен алтын қорын 11 жылға жететіндей етіп ұлғайтпақ
Заманауи технологияларды қолданатын «Kazakhmys Barlau» кәсіпорны минералды шикізат базасын толықтырып, алдағы жылдары өндірісті қормен қамтамасыз ету мерзімін 11 жылға дейін ұзартпақ, деп хабарлайды Politico.kz.
2018 жылы құрылған ұйым осы уақытқа дейін 7 кен орнынан 488,9 мың тоннадан астам мыс, 108,9 мың тонна күміс пен 7,9 мың тоннадан аса алтын қорын мемлекеттік балансқа енгізген.
Қысқа мерзімді болашақта ресурстар мен қорларды есептеу жоспарлануда, бұл 2026-2028 жылдары қормен қамтамасыз етілу мерзімін 11 жылға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда компанияда 500 ден астам адам еңбек етсе, оның тек 12% ғана әкімшілік қызметкерлер санатына жатады, ал қалған негізгі күш геологтар мен өндіріс мамандарының еншісінде.
Жұмысшылар 14 бұрғылау қондырғысымен жыл бойы тоқтаусыз барлау жүргізіп, Colorado School of Mines, Rio Tinto, Ivanhoe Mines және Pallas Resources сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
Сонымен қатар мекеме жоғары оқу орындарымен келісім жасап, студенттерді тәжірибеден өткізу және оларды тұрақты жұмыспен қамту ісін жүйелі түрде қолға алған.
Өңірдегі басты жобалардың бірі ретінде Жезқазған қаласында 200 ден астам жаңа жұмыс орнын ашқан геологиялық кластер іске қосылды. Бұл кешеннің ішіне мамандар даярлайтын оқу орталығы мен 200 мың қума метр керн сақтауға арналған заманауи зертхана кіреді, ал мұндағы DMT Ancorelog технологиясы әлем бойынша тек бес жерде ғана қолданылады.
Бұдан бөлек барлаушылар шалғай аймақтардағы үдерісті нақты уақыт режимінде бақылап, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін Starlink спутниктік желісі мен арнайы мониторинг жүйелерін пайдаланады.
Соңғы жаңалықтар