Кенесары хан туралы сөз айтқан қырғызстандық студенттер қазақ халқынан кешірім сұрады (ВИДЕО)

14.09.2026 17:03 Қарақат АСЫЛОВА
Кенесары хан туралы сөз айтқан қырғызстандық студенттер қазақ халқынан кешірім сұрады (ВИДЕО)
185
Фото: Бейнеден кадр

Астанада оқитын қырғызстандық 2 студент Кенесары хан туралы айтқан сөздері үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Өздерін Аруке және Эдина деп таныстырған қыздардың тікелей эфирінен үзінді әлеуметтік желілерде тараған. Эфирде Кенесары хан туралы әңгіме қозғалып, олардың бірі қазақтың соңғы ханының бас сүйегін меңзеп, «Біз одан шарап ішеміз» деген.

Видео әлеуметтік желілердің қазақстандық бөлігінде тез тарап, қолданушылардың наразылығын тудырды. Олар қыздардың сөздерін ел тарихы мен Кенесары ханның рухына құрметсіздік деп бағалады. Кейбірі олардың әрекетіне құқықтық баға беріп, Қазақстанда әрі қарай жүруінің заңдылығын тексеруді талап етті.

Осыдан кейін студенттер бейнеүндеу жариялап, шектен шыққанын және сөздері қазақ халқына ауыр тиюі мүмкін екенін мойындады.

«Біз сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болса да, өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды. Біз ешқашан қазақ халқын кемсітуді немесе қаралауды мақсат еткен жоқпыз», – деді студенттер.

Қыздар араздық туғызуды немесе қазақстандықтарды қорлауды көздемегенін, айтқандарына өкінетінін және өз жауапкершілігін түсінетінін жеткізді.

Аруке мен Эдинаның айтуынша, эфир кезінде блогер арандататын сұрақтар қойған. Дегенмен олар мұны өз сөздеріне ақтау ретінде келтірмейтінін айтты.

Студенттер қырғыз халқынан, ұстаздары мен тәлімгерлерінен және ата-аналарынан да кешірім сұрап, бұдан былай мұндай сөз айтпауға уәде берді.

Войдите, чтобы оставить комментарий