Көлікке байлап, жол үстінде сүйреген: Таразда тағы бір іс әшкере болды
Таразда жануарға жасалған қатыгездікке қатысты резонанс тудырған оқиға тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ірі алабай тұқымды иттің көлікке байланған күйде асфальтпен сүйретіліп бара жатқаны анық көрінеді. Куәгерлер түсірген кадрлар қоғамда үлкен күйзеліс туғызды.
Полиция көлікті ветеринарлық бақылау инспекторы басқарғанын анықтады. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Жануарларға қатыгездік жасау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жануардың қазіргі жағдайы әзірге белгісіз – оқиғадан кейін ит табылған жоқ.
«Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді шара жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар тиісті мекемеге құқықбұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс жолданды», – деді Жамбыл облысы ПД-нің аға жедел уәкілі Құндыз Бөгенбаева.
Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар