Көңілдесін сабаған Қандыағаш әкімі қызметінен қуылды

01.12.2025 20:30 Арман Ермеков
Көңілдесін сабаған Қандыағаш әкімі қызметінен қуылды
0
1161

Ақтөбе облысында қызметтік кабинетінде көңілдесіне қол көтеріп, елді шулатқан Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр қызметінен босатылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Мұғалжар ауданының әкімдігі сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін Қандыағаш қаласының басшысы Қазбек Аққайырды лауазымынан босату туралы шешім қабылдады. Шенеунікке қатысты үкім облыстық сот алқасының қаулысынан соң өзгертіліп бекітілді.

Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов сот үкіміне сәйкес қала басшысының жұмыстан кететінін растады. Бұған дейін Қазбек Аққайыр аудандық соттың шешімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген болатын. Ақтөбе облыстық соты 27 қарашада істі қайта қарап үкімге ішінара өзгерістер енгізді. Жаңа қаулы бойынша айыппұл көлемі 295 360 теңгеге дейін азайтылды. Алайда сот алқасы жәбірленуші тараптың өкіліне төленетін шығын мөлшерін 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ұлғайтты. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы қорына 18 460 теңге төлеу міндеттелді.

Еске сала кетейік 8 қазанда өткен сот отырысында шенеунік Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі яғни «Ұрып-соғу» бабы бойынша кінәлі деп танылған еді. Алғашқы сатыдағы сот оған 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 314 560 теңге айыппұл салған. Сондай-ақ жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып 100 мың теңге моральдық шығын және 1 966 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру туралы шешім шығарылған болатын.

Тергеу материалдарына сәйкес даулы оқиға былтырғы желтоқсан айында орын алған. Қазбек Аққайыр қызметтік кабинетінде болған әйелді сыртқа шығару мақсатында оның тамағынан алып беті мен басынан бірнеше рет ұрған. Сот процесінде жәбірленуші әкіммен 2021 жылдан бері таныс екенін және араларында жақын қарым-қатынас орнағанын жеткізді. Оның айтуынша шенеунік отбасын тастамайтынын бірақ екі жаққа да бірдей қарайтынын айтып уәде берген. Алайда үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған балабақша тәрбиешісіне 2024 жылдың желтоқсанында алғаш рет қол көтерген. Өз кезегінде экс-әкім тағылған айыппен келіспей жәбірленушінің кабинеттен шыққысы келмегенін және оны шығарып салу үшін тек сырт киімінің жеңінен ұстағанын алға тартты.

Қазбек Аққайыр Қандыағаш қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың 7 шілдесінде тағайындалған. Бұған дейін ол екі рет тәртіптік жауапкершілікке тартылса да, қызметінде қала берген. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий