Астанада жол жұмысшыларына шалшық суды шашқан жүргізуші қамауға алынды
Астанада жол жұмысшыларын әдейі суға малшындырған Lexus жүргізушісі 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Елордада жол жұмысшыларының үстіне шалшық су шашып кеткен 32 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Кадрлардан Lexus автокөлігінің жүргізушісі жиналған судың үстімен жоғары жылдамдықпен өтіп, жол жиегінде еңбек етіп жүрген жұмысшыларды басынан аяғына дейін су қылып кеткені анық көрінеді.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, көлік тізгіндеген азамат бағдаршамның ескерту белгісіне қарамастан, жылдамдығын мүлдем бәсеңдетпеген. Тәртіп сақшылары оның бұл қылығын айналасындағы адамдарға және қоғамдық тәртіп нормаларына деген құрметсіздік ретінде бағалады.
Құқық бұзушы 32 жастағы азамат болып шықты. Сот шешімімен ол «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Соңғы жаңалықтар