Ұлытау облысы құрылыс қарқыны бойынша елімізде бірінші орынға шықты

Ұлытау облысы құрылыс қарқыны бойынша елімізде бірінші орынға шықты
Фото: istockphoto.com

Ұлытау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі бір жылда екі еседен астам артты. Өңір 2026 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда құрылыс қарқыны ең жоғары облыс атанды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар-қазан айларында Ұлытау облысында 289,5 млрд теңгенің құрылыс жұмысы атқарылған.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі 2,27 есе артқан. Нақты көлем индексі 227,3%-ға жетті. Ал республика бойынша құрылыс жұмыстарының орташа өсімі 13,1% болды.

Бұл көрсеткіш бойынша Ұлытау өзге өңірлерден едәуір алға шыққан.

Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі Қызылорда облысында 130,5%, Атырау облысында 125,7%, Павлодар облысында 123,8%, Алматы қаласында 123,1% болған.

Осылайша, Ұлытау облысының көрсеткіші екінші орында тұрған Қызылорда облысынан 96,8 пайыздық тармаққа жоғары.

Жалпы, биылғы 10 айда Қазақстан бойынша 9 трлн теңгенің құрылыс жұмысы орындалған.

Ұлытау облысында құрылыс қарқыны қазан айында да бәсеңдемеген. Бір айда 24 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, өткен жылдың қазанымен салыстырғанда 29,5%-ға артқан. Республика бойынша осы айдағы орташа өсім 24,2% болған.

Ұлытауда қандай нысандар салынып жатыр?

Өңірде өндірістік құрылыспен қатар, тұрғындарға арналған әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл жобалар Мемлекет басшысы жариялаған ел инфрақұрылымын дамытуға және жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бастамасымен де үндеседі.

Атап айтқанда, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында саябақтар мен қоғамдық орындар абаттандырылып, мәдениет және білім беру нысандары жаңартылуда. Жаңа демалыс және спорт орындарын салу да жоспарланған.

Бұл жұмыстарға «Қазақмыс» корпорациясы да қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Компания Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында бірнеше әлеуметтік жобаны қаржыландыруда.

Олардың қатарында Кеңгір су қоймасының жағалауын жаңғырту, Жезқазғандағы «Жастар» саябағын абаттандыру және С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу бар.

Сондай-ақ «Қазақмыс» Ұлытау университетінің инфрақұрылымын дамытуға және Сәтбаев қаласындағы Кенші даңқы алаңын жөндеуге қаржы бөліп отыр.

2027 жылы тағы қандай нысандар салынады?

Келер жылы Ұлытау облысында бірнеше ірі әлеуметтік нысанның құрылысын бастау жоспарланған.

Олардың қатарында көпфункционалды Конгресс-орталық, футбол стадионы және теннис орталығы бар.

Бұл нысандардың құрылысы 2027 жылы басталмақ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу