Көрнекті ақын Күләш Ахметова дүниеден өтті
79 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметова өмірден озды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қаралы хабарға байланысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ақынның отбасы мен жақындарына, күллі әдеби қауымға және туған халқына қайғыра көңіл айтты.
«Күләш Ахметова – өзінің нәзік лиризмімен, азаматтық асқақ үнімен, ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегімен қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған тұлға... Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан ақынның жарқын бейнесі, ұлтқа сіңірген еңбегі мен рухани мұрасы халқының жадында мәңгі сақталады. Өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін үлгі болып қала береді. Марқұмның топырағы торқа, иманы жолдас болсын», — деп жазды министрлік.
Күләш Ділдәқызы Ахметова - 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген.
Оның еңбек жолы қызықты өрілген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін тамамдап, Үшарал медпунктінде меңгеруші болып бастаған. Алайда, әдебиетке деген құштарлық оны 1973 жылы ҚазМҰУ-ге алып келді. Одан кейін Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде, 1973–1977 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып, 1977–1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редакторлық қызмет атқарды.
Қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған ақынның әр жылдары жарық көрген «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» секілді жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тауып, бірнеше буынның эстетикалық талғамын қалыптастырды.
Соңғы жаңалықтар