Франция президенті Украинадағы соғысты тоқтату үшін бір айлық бітім жариялауды ұсынды

Франция президенті Эммануэль Макрон Украинадағы соғысты тоқтату үшін бір айлық бітім жариялауды ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ. Ол бұл ұсынысты Le Figaro газетіне берген сұхбатында айтты.
Франция мен Ұлыбритания бірлесіп әзірлеген жоспарға сәйкес, әуе және теңіздегі әскери қимылдарға мораторий енгізу көзделіп отыр. Макронның айтуынша, бұл бастама энергетикалық инфрақұрылымдарға шабуылдарды да қамтиды. Бірақ құрлықтағы соғысты тоқтату бұл жоспарға кірмейді, себебі майдан шебі Париж бен Будапешт арасындағы қашықтыққа тең болғандықтан, бітімді толық бақылау қиын болмақ.
Жоспардың келесі кезеңінде еуропалық әскерді Украинаға орналастыру мәселесі қарастырылады. Алайда бұл жақын аптада жүзеге аспайды деп мәлімдеді Макрон. Оның айтуынша, Еуропа елдері бейбітшілікті қалайды, бірақ кепілдіксіз келісім жасауға дайын емес.
Сонымен қатар, Франция президенті АҚШ-тың президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский арасындағы диалогтың қалпына келетініне үміт білдірді.
Макронның бұл бастамасы Еуропа елдерінің Украинаға қатысты жаңа стратегиясын көрсете ме, әлде Ресей мен Украина арасындағы соғысты бәсеңдетуге бағытталған уақытша қадам бола ма – оны алдағы уақыт көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар





