"Мама, көмектес, өлгім келмейді": Қарағанды облысында 13 жасар бала іздестіріліп жатыр

02.04.2026 12:02 Мөлдір Талғат
1285
Фото: баланың жақындарынан
ЖАЛҒАСЫ

Қарағанды облысында жоғалып кеткен 13 жастағы оқушы Бейбарыс Рысқа байланысты ауқымды іздестіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазіргі уақытта құтқарушылар, полиция қызметкерлері және еріктілер баланы түннен бері іздеп жатыр. Жақындарының айтуынша, Бейбарыс 1 сәуір күні күндіз Абай қаласында серуендеуге шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол құрдастарымен бірге болған, олардың кейбірі велосипедпен жүрген. Балалар Қарабас кенті бағытына қарай бет алған. Алайда кешке қарай Бейбарыс үйіне жалғыз жаяу қайтуды шешкен.

Жолда бала анасына дауыстық хабарламалар жіберген. Ол телефонының қуаты таусылуға жақын екенін айтып, көмек сұраған. Соңғы хабарламасында қатты тоңып жатқанын айтып, «өлгім келмейді» деген. Сондай-ақ анасына оны жақсы көретінін жеткізген. Туыстарының айтуынша, Бейбарыс жеңіл киінген және астма ауруымен ауырады.

Жоғалған баланың сипаттамасы: жасы 13-те, бойы шамамен 150–155 сантиметр, дене бітімі орташа, 7-сынып оқушысы. Үстінде қызғылт сары футболка, қара шалбар және жасыл түсті аяқ киім болған. Қазіргі уақытта өңірде кең көлемді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, құтқарушылар мен еріктілер барлық мүмкіндікті жұмылдырған.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, баланың жоғалғаны туралы арыз 2 сәуір күні Абай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне түскен. Хабарлама түскен сәттен бастап Абай қаласының полиция қызметкерлері мен Топар бөлімінің мамандары дереу жұмылдырылған.

Құзырлы органдардың хабарлауынша, қазіргі уақытта ауқымды іздестіру жұмыстары жүргізілуде: жақын маңдағы аумақтар тексеріліп, жасөспірім жүруі мүмкін бағыттар қарастырылуда. Іздеу операциясына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еріктілер және Ұлттық ұлан сарбаздары тартылған.

Өңірлік ТЖД мәліметіне сәйкес, іздеу жұмыстарына шамамен 300 адам қатысуда. Сонымен қатар, аумақты кеңінен шолу үшін тікұшақ пен ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) қолданылып жатыр. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстары жалғасып, ерекше бақылауға алынған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий