Маңғыстауда көпбалалы отбасы жантүршігерлік жол апатына ұшырады
Маңғыстау облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Атырау облысынан шыққан көпбалалы отбасы ауыр қайғыға душар болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Апат кезінде отағасы оқиға орнында қаза тауып, оның төрт баласы түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы оқиға 28 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында Шетпе – Сайөтес автожолының 252-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, көлік аударылған. Ер адам алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмған.
Зардап шеккендердің ішінде 2011 жылы туған қыздың жағдайы аса ауыр. Дәрігерлер оған ауыр бас-ми жарақаты, ішкі ағзалардың зақымдануы және бірнеше сүйек сынуы диагнозын қойған.
2013 жылы туған тағы бір бала да ауыр халде жатыр. Оның бүйрегі соғылып, жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Ал 2019 жылы туған бала бас-ми жарақатын, ми шайқалуын және басқа да дене жарақаттарын алған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. 2021 жылы туған ең кішкентай бала медициналық тексерістен кейін анасымен бірге үйіне жіберілген.
Полицияның мәліметінше, жол апатына дейін патрульдік полиция қызметкерлері аталған көлікті тоқтатып, жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізген. Сондай-ақ оған демалып алу ұсынылған.
Қазір аталған дерек бойынша адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар