Маңғыстаудағы кен орнында мұнайшы қаза тапты
Маңғыстау облысындағы Солтүстік Бозашы кен орнында қайғылы жағдай тіркелді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
24 желтоқсан күні кен орнындағы NB-10107-4H ұңғымасында 1988 жылы туған мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор Ахметов Досан қаза тапты. Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұралы Бауылбаевтың мәлімдеуінше, GPS деректеріне сәйкес, ол сағат 9:53-те объектіге келіп, тексеру жұмыстарын бастаған. Алайда 11:15-те оны жұмыс істеп тұрған мұнай айдау қондырғысының маңында өлі күйінде тапқан.
25 желтоқсанда оқиғаны тергеп-тексеру комиссиясы оқиға орнына барды. Куәгерлерден жауап алынып, мұнай айдау қондырғысының техникалық құжаттамасы зерттелуде. Қайғылы оқиғаның себептері анықталуда.
Марқұмның әріптестері әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялап, жұмыс орнындағы қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді. Олар өндірістік қауіпсіздік мәселесін қайта қарау қажеттігін айтты.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті мәлімдегендей, мұнайшының қазасына байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 156-бабы "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.