Мас шенеуніктің кінәсінен БҚО-да қыз мүгедек болып қалуы мүмкін
Батыс Қазақстан облысында мас күйінде көлік жүргізген облыс әкімдігінің қызметкері Ербол Найзабеков жол апатына себепкер болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Мой город» басылымының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен адамның жарақаты өте ауыр. Дәрігерлер оның мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтуда.
1 қазан күні Volkswagen Tiguan көлігінің 44 жастағы жүргізушісі бағдаршамда тоқтап тұрған Mercedes көлігіне соғылған. Соққының күшінен Mercedes «ВАЗ» бен Skoda Rapid көліктеріне соғылған. Volkswagen Tiguan көлігінің рөлінде БҚО әкімдігінің қызметкері Ербол Найзабеков болған.
Полиция мәліметіне сәйкес, жүргізуші медициналық тексеріс кезінде орташа дәрежеде мас күйінде болғаны анықталған.
9 қаңтарда БҚО әкімдігі Найзабековтың қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін қатаң сөгіс алғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта қызметінен босатылған.
Облыс әкімдігі Найзабековке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша (алкогольдік масаң күйде көлік жүргізу) іс қозғалғанын растады. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалған.
"Тергеу аяқталғаннан кейін жол апаты туралы іс сотқа жіберіледі", – деді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен қыздың жағдайы ауыр. Ол өздігінен жүре алмайды.