Мәслихатқа кандидатқа қатысты даулы аудиожазба бойынша полиция тергеу бастады
Астанада Оңтүстік-Шығыс ауданының тұрғындарына қатысты кемсітетін сөздер айтылған аудиожазбаның таралуы қылмыстық іс қозғауға негіз болды. Жазбадағы дауыс мәслихат депутаттығына кандидат, саясаттанушы Владислав Сергеевтікі делінген еді, деп хабарлайды Politico.kz.
Астана қалалық полиция департаменті тұрғынның арызы негізінде тергеу басталғанын хабарлады. Полицияға арызды Сергеевтің өзі жазған.
«Астана қаласы тұрғынының арызы негізінде полиция қызметкерлері онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция азаматтарды көрінеу жалған ақпарат таратпауға шақырады. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілікке дейінгі жаза көзделген», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы аралықта дау туғызған аудиожазба Threads әлеуметтік желісінен өшірілді.
Сергеев кезекті бейнеүндеуінде Нұра аудандық полициясына жүгінгенін айтып, жазбадағы дауыстың өзіне тиесілі екенін тағы да жоққа шығарды. Кандидат болған жайтты сайлау алдындағы бәсекемен байланыстырды. Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс ауданында өскенін, оның әрбір тұрғынын құрметтейтінін айтты.
Еске салайық, кандидат аудиожазба ЖИ көмегімен жасалған болуы мүмкін деген болжам білдірген. Жазбаның түпнұсқалығы әлі анықталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар