Майқайыңдағы мәйіттер мен 6 жасар қыз: Полиция істің мән-жайын хабарлады

05.04.2026 13:07 Арман Ермеков
Майқайыңдағы мәйіттер мен 6 жасар қыз: Полиция істің мән-жайын хабарлады
1008
Майқайыңда екі үйдегі екі мәйіт | Фото: Әлеуметтік желіден

Павлодар облысы Майқайың кентінде бірнеше жыл бойы өз үйінде жатқан екі мәйіттің жанында өмір сүрген 6 жасар қыз бен оның отбасына қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодар облысының Майқайың кентінде көршілес екі жеке үйде 39 жастағы әйел мен оның 57 жастағы әкесінің мумияға айналған денелері 13 ақпанда табылған.

Анықталғандай 6 жасар қыздың анасы Наталья 2024 жылдың 7 ақпанында қайтыс болса, атасы 2025 жылдың 22 қыркүйегінде көз жұмған. Дәрігерлер отбасы мүшелерінің бірі ұзақ уақыт бойы қабылдауға келмегеніне алаңдап полицияға хабарласқаннан кейін ғана осы жағдайдың беті ашылды.

Мәйіт табылған үйде егде жастағы әжесі, оның үлкен қызы және 6 жастағы немересі бірге тұрған. Желіде кішкентай қыздың анасының денесі жатқан бөлмеде бірнеше жыл ұйықтағаны және мәйіттерге бал мен май жағуға көмектескені туралы ақпарат тарағанмен бұл ресми түрде расталған жоқ.

Тұрғындардың сөзінше бұл отбасы үнемі оқшауланып өмір сүрген және үйіне бөгде адамдарды кіргізбеген.

Павлодар облыстық полиция департаменті бұл іс "қайтыс болғандардың мәйіттері мен олар жерленген жерлерді қорлау" және "алаяқтық" баптары бойынша тергеліп жатқанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары, оның ішінде сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалар жүргізіліп жатыр, соның нәтижесі бойынша нақты шешім қабылданады. Күдікті екі әйел мамандандырылған психиатриялық диспансерге жатқызылып, ем қабылдап жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Бұл баптар бойынша кінәлілер 3000 АЕК (12 975 000 теңгедей) көлемінде айыппұл төлеуі немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқиғадан кейін бірден ауруханаға тексеруге жіберілген 6 жасар қыз қазір Екібастұздағы Үміт балаларды қолдау орталығында тұрып жатыр. Ол наурыз айынан бастап мектепалды даярлық сыныбына бара бастады.

Мамандар кішкентай қыздың психикасында ешқандай ауытқу жоқ екенін және оның әріптерді танып, санау білетінін айтты.

Ал қайтыс болған марқұмдарды туыстары 18 ақпанда жер қойнына тапсырған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий