Майқайыңда екі адамның денесі табылды
Павлодар облысындағы Майқайың кентінде екі адамның денесі табылды, полиция қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Көршілес орналасқан екі үйден табылған ер адам мен әйелдің денелері ұзақ уақыт бойы сол жерде жатқан. Алдын ала бейресми мәлімет бойынша, олардың бірі шамамен екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын, яғни қыркүйек айының шамасында көз жұмған болуы мүмкін.
Жергілікті kerek.pv арнасының мәліметінше, мәйіттер табылған үйлерде қазіргі уақытта адамдар тұрып жатыр. Ауыл ішінде оларды теріс діни ағым өкілдері болуы мүмкін деген қауесет тараған. Тұрғындардың болжамынша, қайтыс болғандардың бірі онкологиялық аурудан көз жұмған баланың анасы, ал екіншісі сол отбасының отағасы болуы ықтимал.
Сонымен қатар аталған үйлердің бірінен бала табылғаны хабарланды.
Павлодар облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, марқұмдардың өлім себебі мен оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар