Мейірман Шекеев «Барлық заңды оқыдым» деген Аша Матайды дебатқа шақырды

10.07.2026 16:43 Әсел МҰРАТ
Мейірман Шекеев «Барлық заңды оқыдым» деген Аша Матайды дебатқа шақырды
144
Фото: ашық дереккөз

Шерзат ісі арқылы танымал болған заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі жазбасында заң тақырыбында пікір білдіріп, құқықтық кеңес беретін блогерлер мен өнер адамдарының әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, бүгінде өзін заңды жетік меңгерген маман ретінде көрсетіп, көпшілікке құқықтық мәселелер бойынша кеңес беретін блогерлер мен әртістердің қатары көбейген. Мұндай үрдіс заңгер мамандығының беделіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

«Мен заңдарды білемін» деп шімірікпей халықты алдайтын «блогерлер», «әртістердің» заманы жүріп жатқан сияқты ма? Бір «Жан», өзі бар болғаны әртіс-блогер болғанына қарамастан, заңгерлерге тиістіріп аузын ашып жатса, екінші әртіс заңның бәрін оқыдым -деп , заңгерлерге ертең заң шығарып бермек ниетті көрінеді. Сонда заңгерлер мамандығы не үшін керек?Бәріміз дипломдарымызды тастап, әртіс болайықпа?», – деді заңгер.

Оның сөзінше әншілер Аша Матай мен Тамара Асардың кандидат ретінде тіркелуі қоғамның назарын аударған. Мейірман Шекеев Аша Матайдың заңнаманы толық оқып шыққаны туралы айтқан сөзіне күмән келтіріп, оны ашық пікірсайысқа шақырды.

«Блогер Жан мен Аша Матайды бірге ашық дебатқа шақырамын. Қолдайсыздар ма?»», – деді ол.

Әзірге Аша Матай заңгердің бұл ұсынысына қатысты пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Халық партиясы Құрылтай сайлауына ұсынған кандидаттар тізімінде әнші әрі тележүргізуші Аша Матай мен Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий