Миллиардерлер ауылы: Боранбаев Лондондағы құпия сарайын отандасына сатып жіберді
Қайрат Боранбаев Лондон маңындағы миллиардерлер ауылында орналасқан екі зәулім сарайының бірін сатып жіберді, деп хабарлайды «Выход к морю» телеграм-арнасы.
Арнаның мәліметінше, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев Ұлыбританиядағы Вирджиния-Уотер ауылындағы жылжымайтын мүлікті жергілікті элита өкілі, Қазақстанның тумасы Мира Анафинаға табыстаған.
Ұлыбританияның жылжымайтын мүлік тізіліміне сәйкес сарай 2024 жылдың соңында жаңа иесіне өткен. Анафина бұрынғы вице-премьер Сауат Мыңбаев пен бірқатар танымал банкирлердің іскерлік серіктесі болған Азат Әбішевтің әйелі ретінде белгілі. Бұл топ Қазақстан тарихындағы ең ірі офшорлық желілердің бірін құрған адамдар саналады.
Боранбаев бұл нысанды 2016 жылы сатып алған және құжатта оның құны 1 млн фунт стерлингтен асатыны ғана көрсетілгенмен сарапшылар шектеусіз қайта салу мүмкіндігіне байланысты үйдің нақты бағасын 10-15 млн фунт стерлингке (шамамен 6,3-9,5 млрд теңге) бағалайды. Жаңа қожайынның бұл үй үшін қанша қаражат төлегені әзірге құпия күйінде қалды.
Лондоннан жарты сағаттық жерде орналасқан бұл ауыл соңғы 30 жылда бай-қуатты адамдар арасында үлкен сұранысқа ие болып келеді. Мұнда Элтон Джон мен Клифф Ричард сияқты танымал өнер жұлдыздарынан бастап ресейлік миллиардерлер мен тіпті бұрынғы Чили диктаторы Аугусто Пиночет те тұрған. Пиночет дәл осы жерде үйқамақта болып, кейін ақыл-есі кеміген деген желеумен қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, еліне оралған еді.
Еске сала кетейік 2022 жылдың көктемінде қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевты қамауға алып, кейін ол 14,5 млрд теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Бастапқыда сегіз жылға сотталған кәсіпкердің жазасы кейін алты жылға қысқарып, ол қараша айында бостандыққа шықты. Түрмеде отырған кезінде ол Чехиядағы спорт кешенін сатып, Мәскеудегі үйін алаяқтардан аман алып қалған болатын.
Жаңа қожайынның күйеуі Азат Әбішев кезінде «Қазкоммерцбанк» (QAZKOM) директоры болған және Қазақстандағы ең ірі офшорлық желі саналатын «Meridian Capital» холдингінің негізін қалаушылардың бірі. Оның серіктестері Сауат Мыңбаев, Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд және Нұржан Субханбердин сияқты азаматтар да Британия астанасында ондаған миллион фунт тұратын элиталық баспаналарға иелік етеді. Ал Әбішевтің ұлы Санжар биыл мамыр айында Лондонның Сент-Джеймс ауданының кеңесінен қызмет алды, дегенмен қазақстандық басылымдар оны қателікпен осы ауданның мэрі деп атап кеткен болатын.
Осы келісімнен кейін Боранбаевтың меншігінде Вирджиния-Уотер ауылында 25,5 млн фунт стерлингке бағаланатын тағы бір аса зәулім сарайы қалды. Бұл үйде 2000 шаршы метр тұрғын үй алаңы, кинотеатр, бассейн, шарап қоймасы, жаттығу залы мен сауна бар. Сонымен қатар оның Лондонда жалпы құны 155 млн фунт стерлинг болатын элиталық пәтерлері бар екені белгілі.
Бұған дейін аталмыш телеграм-арна қаржы полициясы төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әшімбаевтың қызы Сент-Китс және Невис азаматтығын алып, Франция жағалауынан қымбат пәтер сатып алғанын да хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар