Мұхамеджан Тазабек ораза ұстаушыларға ақыл айтты

Оның айтуынша, оразада мұсылман баласы Аллаға жақындамаса, құр аш жүргеннің пайдасы болмайды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Оразаның адам баласына беретін ең үлкен пайдасы — тақуалық! Яғни, Аллаға жақындау! Адам Раббысын тани түспесе, Ол жайлы осы айда көбірек ойлап, Онымен қарым-қатынасындағы қателерді дұрыстап, ризашылығын табудағы талпыныстарын күшейтпесе — құр, қарнын босатып, бекер аш жүрген пенде боп қалуы мүмкін…
Тақуалыққа жетудің де, жаман қылықтан арылудың да ең төте жолы — өзіңді жәйлап, жүйелеп өзгеруге әдеттендіру. Бұрын жиі боқтасаң, ең құрығанда кешке дейін тіліңді таза ұстау, тыз еткен ашуланшақ болсаң, ең болмағанда ауыз ашқанша сабыр сақтасаң… Екі күнде байқалмас, бес күнде білінбес, бірақ, бір айдан соң басқа адамға айнала бастағаныңды өзің де сезесің…
Оразаның ең үлкен пайдасы сол — өзгеруге түрткі табу, дамуға даңғыл жол ашу, сенімді қимылдауға себеп табу…
Бұл айда бақыттылар ғана өзгереді. Ал, бақыттылар шансты дұрыс пайдаланатындар. Рамазанда ауыз бекітетіндер көп. Өкінішке орай, көбісі аш жүретіндер ғана… Ал, асқазаныңызды ғана емес, жүрегіңізді де тазартып алыңыз, күнәңіз кешіріліп, жолыңызды ашып алыңыз. Бақыттысыз ба, бақытсызсыз ба, өзіңіз ажыратып алыңыз. Рамазан — мүмкіндік айы! Өлім қашан келетінін кім біледі?! Сіз мүмкіндікті жібермеңіз…
Фото — Әл-Ақса мешіті! Палестина. Құдыс қаласы 13 жыл бұрын», — деп жазды ол Instagram парақшасында.
Соңғы жаңалықтар





