«Мұсылман қыз үшін орамал тағу – парыз»: ҚМДБ мектептегі хиджаб дауы бойынша министрге қарсы ма?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мектеп формасына қойылатын талаптарға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Діни басқарма балиғат жасына жеткен мұсылман қыздарға мектеп формасына үйлесімді орамал тағуға мүмкіндік берілуі керек деп санайды.
ҚМДБ мәлімдеуінше, Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қыз үшін орамал тағу – парыз. Бұл мәселеге қатысты діни үкімнің өзгермейтіні атап өтілді.
«Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды бірнеше рет ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізген. Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
ҚМДБ-ның пікірінше, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністікпен қарауы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын жағдайға айналмауы керек.
«Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды», - деп атап өтті мүфтияттағылар.
ҚМДБ сонымен бірге зайырлылық қағидатына қатысты пікірін білдірді. Басқарманың мәлімдеуінше, зайырлы мемлекет ұстанымы дінді жоққа шығару немесе азаматтардың діни сенімін шектеу дегенді білдірмейді.
«Зайырлылық – дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады», – делінген мәлімдемеде.
Діни басқарма Қазақстан заңнамасында да заңды діни қызметке кедергі келтіруге және адамның дінге көзқарасына байланысты азаматтық құқықтарының бұзылуына жол берілмейтіні көрсетілгенін атап өтті.
ҚМДБ орамал мәселесінің қоғамда бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын еске салды. Оның пікірінше, бұл мәселені тек тыйым салу немесе әкімшілік шаралар арқылы шешуге тырысу қоғамдағы түсініспеушілікті одан әрі күшейтуі мүмкін.
Осыған орай ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктерді қарастыруды ұсынды.
Діни басқарма үшін балалардың сапалы білім алуы ғана емес, олардың тәрбиелі, өз сеніміне құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы да маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар ҚМДБ аталған мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері, ата-аналар және сарапшылардың қатысуымен ашық әрі сындарлы диалог арқылы талқылауға дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған, оның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік мектептердің лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Соңғы жаңалықтар