Назарбаевтың немересі Дубайда дүркіретіп той жасады
Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Дубайдағы сән-салтанатты кеште 41 жасын қарсы алды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ulysmedia.kz басылымна сілтеме жасап.
Тұңғыш президентінің үлкен жиен немересі Нұрәлі Әлиев туған күн мерекесін Біріккен Араб Әмірліктерінде атап өтті. Салтанатты іс-шара шөл даладағы оазис саналатын элиталық демалыс орнында ұйымдастырылған.
Кештің көркі мен сәнін әлемге әйгілі ивент-продюсер Николас Броше келтірді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жиыннан арнайы бейнемен бөлісті. Туған күн иесі Spark of life «Өмір ұшқыны» деген жазуы бар дизайнерлік торттағы шырақты үрледі. Бұл сәтте оның жанында 13 жастағы қызы Амира болғаны байқалады.
Мерекелік отырыс Дубайдан жарты сағаттық қашықтықта орналасқан бес жұлдызды Terra Solis Dubai қонақүйінде өтті. Жерорта теңізі стилінде безендірілген бұл кешенде бір түн түнеу құны маусымына қарай 100 мың теңгеден басталып, 270 мың теңгеге дейін жетеді. Ашық аспан астында өткен кеште арнайы қазақтың киіз үйі тігіліп, қонақтарға «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өз өнерін көрсетті.
Жарияланған суреттерден кәсіпкердің жары Аида Имашеваны және үлкен ұлы Алан Нұрәліұлын көруге болады. Айта кетелік, Нұрәлінің жұбайы – Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы, белгілі шенеунік Берік Имашевтың қызы.
Бүгінде Нұрәлі Әлиев Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең дәулетті 75 бизнесменнің қатарына кіреді. Ол Дубай мен Алматыдағы қонақүйлер желісіне, сондай-ақ екі мегаполистегі бірқатар мейрамханаларға иелік етеді.
Нұрәлі Әлиев – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен марқұм Рахат Әлиевтің перзенті. Оның әкесі кезінде елдегі ең ықпалды саяси тұлғалардың бірі болғанымен, кейін саяси қуғынға ұшырады. Рахат Әлиев Вена түрмесінде көз жұмды. Ресми тергеу нұсқасы бойынша оның өліміне суицид себеп болған.
Соңғы жаңалықтар