«Никита өзін өзі құтқарды»: Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың отбасы үндеу жасады
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған үш әскери қызметшінің бірі Никита Удаловтың отбасы көпшілікке үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жақындарының айтуынша, әскери қызметші оқиға кезінде өз бетімен жағаға жеткен. Алайда қазір ол болған жағдай туралы көпшілікке айтуға дайын емес.
Отбасы Никитаның басынан өткерген жағдайы оған оңай тимегенін атап өтті. Сондықтан әскери қызметшінің сұхбат беруден және оқиғаның мән-жайын жария етуден бас тарту туралы шешіміне түсіністікпен қарауды сұрады.
Жақындары қоғамда Никитаның қалай аман қалғанына қатысты түрлі сұрақтар туындағанын түсінетіндерін жеткізді. Дегенмен оның атынан болжам жасап, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауға шақырды.
«Қазір Никита жария болғысы келмейді, сұхбат беруге және болған жағдайдың егжей-тегжейін айтуға дайын емес. Оның шешімін құрметтеуді сұраймыз. Ол бастан өткерген оқиға бір күнде ұмытылатын нәрсе емес», – делінген үндеуде.
Сонымен қатар отбасы Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні еске алды. Олардың әрқайсысының артында ата-анасы, туған-туыстары, достары мен жақындары қалғанын атап өтті.
Никитаның туыстары қайтыс болған сарбаздардың тағдыры қоғам назарынан тыс қалмауы керек екенін айтып, қайғылы жағдайды түрлі болжамдар мен сенсациялық ақпараттардың көлеңкесінде қалдырмауға шақырды.
Сондай-ақ отбасы Никитаға алаңдап, қолдау көрсеткен, хабарласып, оның аман қалуын тілеген барша азаматқа алғысын білдірді.
Соңғы жаңалықтар