Облыс әкімі судың таза екенін дәлелдеу үшін өзенге шомылды (ВИДЕО)
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов орталық жағажайдан тікелей эфирге шығып, судың ластанғаны туралы қауесетті жоққа шығару үшін Ертіс өзеніне шомылды, деп хабарлайды Politico.kz.
5 шілдеде аймақ басшысы Instagram желісінде 20 минуттық трансляция жасап, демалыс орнындағы жағдайды көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, өзен суы өте таза, ал лайланып көрінуі ластықтан емес, қатты ағынның өзен түбіндегі құмды көтеруінен туындаған.
"Жыл сайын Ертіс арқылы шамамен 32 млрд текше метр су өтеді. Бұл күніне 80 млн текше метрді құрайды. Өзеннің ағысы қатты, ал судың негізгі бөлігі Қазақстан, Ресей және Моңғолия шекарасындағы Алтай тауларынан келеді", – деді Асайын Байханов.
Әкім жағажайдың жазғы маусымға толық дайын екенін атап өтті. Аумақта 1,5 мың тапшан қойылған, алайда келушілердің көптігінен оның шамамен он пайызы ғана бос тұр. Сонымен қатар демалушыларға арналған екі пирс, тегін балалар бассейні, жуынатын орындар мен киім ауыстыратын кабиналар жұмыс істейді. Адамдарға көмек көрсету үшін арнайы еріктілер де тартылған.
Айта кетсек, жақында әкім тойдағы ысырапшылыққа қатысты пікір білдірген еді.
Соңғы жаңалықтар